Қазақстан — көптеген халықаралық ұйымға мүше. Мұның бір нәрсеге ықпалы бар ма, әлде құр мақтану ма?

БҰҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ мен басқа ұйымдарға мүше болудың қажеті не


26/07/2020
13:13 53918 0


 

Әлемнің көптеген елі әртүрлі халықаралық ұйымдарға мүше не мүше болғысы келеді. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері осындай 73 ұйымның құрамына кірді. Мемлекеттің ондағы мүдделерін қорғау үшін 2020 жылы бюджеттен 20 миллиард теңге бөлінген. 

 

Біз адам құқығы жөніндегі маман Рүстем Қыпшақбаевпен тілдесіп, одан Қазақстанның неге Біріккен Ұлттар Ұйымына (БҰҰ) сөз жүзінде мүше екенін, мұның халыққа қалай әсері бары мен мемлекет халықаралық келісімшарттарды орындамаса, не болатынын сұрадық.  

 

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰЙЫМ ДЕГЕН НЕ ЖӘНЕ НЕ ҮШІН КЕРЕК? 

Халықаралық ұйымдардың екі түрі бар: 

 

– үкімет немесе мемлекетаралық: Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы;

– үкіметтік емес ұйымдар (мемлекеттік емес, қоғамдық): Amnesty International, «Гринпис» немесе Human Rights Watch.

 

Үкіметаралық ұйымдарды мемлекеттер құрады. Ол үшін арнайы мемлекетаралық келісімдерге қол қояды. Мұндай ұйымдар елдердің өзара қарым-қатынасын нығайту, ортақ мәселелерін шешу және ортақ мақсаттарына жету үшін құрылады.

 

----- SLIDER STARTS HERE -----
 
 
 
----- SLIDER ENDS HERE -----

 

Мемлекеттік емес ұйымды құру үшін елдер арасындағы келісімшарт қажет емес. Бірақ халықаралық үкіметтік емес ұйымның (ҮЕҰ) құзыретін кем дегенде бір мемлекет мойындауы керек немесе мұндай ұйымның үкіметаралық бірлестік (мысалы БҰҰ) берген сабағаттық мәртебесі болуға тиіс. Халықаралық ҮЕҰ саяси мәселелермен тікелей айналыспайды, елдерге қандай да бір билігі жүрмейді. Олар көбіне бір сала бойынша жұмыстанады, мысалы, адам құқықтары, кәсіподақ, спорт, дін, ғылым және тағысын-тағы.

 

Материалда көбіне мемлекетаралық ұйымдар жайлы сөз болады. 

 

Рүстем Қыпшақбаев: 

 

— Мемлекеттердің халықаралық ұйымдарға кіруіне себеп көп: елдер халықаралық көмекке мұқтаж болғасын, басқалары ұлттық қауіпсіздік кепілдікке ие болу үшін кіреді. Сондай-ақ халықаралық бірлестік құрамына кіру елдердің беделін көтереді. Десек те, басты себеп қазіргі заманда елдер халықаралық қауымдастықтардан бөлек өмір сүре алмайды. Бұл дегеніміз байланыс, гуманитар серіктестік, аурумен күресу, мұқтаж елдер мен босқындарға көмектесу, экология, мәдениет, білім, гендерлік теңдік, адам құқығы саласында елдер бір-бірімен араласпай тіршілік ете алмайды. Мысалы, халықаралық ұйымдар арқасында адам құқықтарының жалпыға ортақ стандарттары бар. Олар өткеннің тәжірибиелері мен тарихи сабақтардан пайда болған. 

 

Заманауи әлемді халықаралық бірлестіксіз елестету мүмкін емес. Тіпті онсыз өмір сүре алмас еді. Мысалы, елдердің ауру, эпидемиямен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынсыз (ДДСҰ) күресе алмас еді. Ал Қытайдың өз жерінде жаңа вирус пайда болғанын ДДСҰ-ға емес, әр елге бөлек хабарлайтынын елестетіп көріңізші. Халықаралық ұйымдар елдер үшін білім және тәжірибе алмасуы жағынан өте маңызды. 

 

Маманның сөзінше, 1865 жылға дейін адамзат мұндай бірлестіктерді қажет етпеген. Бірінші халықаралық ұйым — Халықаралық телеграф ұйымы (қазір Халықарық электр байланысы аталады, БҰҰ жүйесінің бір бөлігі) — елдерге телеграф байланысындағы стандарттар мен жалпыға ортақ қағидаларын бір жерде талқылағанның арқасында пайда болды. Ол кезде телеграф алдыңғы қатарлы байланыс құралы болатын: 

 

— Бұл заман талабы еді: сол кезде әлем жаһандануға алғаш рет қадам басты. Транспорт пен байланыс жылдам дамыды әрі арзандады, ал туризм ұлғайып, сауда көлемі өскен еді. Тек бір-екі ел арасындағы емес, дүниежүзін қамтитын серіктестік құру қажет болды. Сонда алғаш рет соғыста кейбір тәсілді қолдануға тыйым салу үшін Женева және Гаага конференциясы өткізіліп, Қызыл Крест құрылды. 

 

Бірінші Дүниежүзілік соғыстан кейін саясаткерлер, менің ойымша, керемет нәрсе ойлап тапты — елдер дау-жанжалдарды соғыстың емес, тұрақты форумның көмегімен шешсе қайтеді? Осылайша в 1919 жылы БҰҰ-ның ізашары — Ұлттар лигасы пайда болды. Идея керемет еді, бірақ оны іске асыру жағы біраз ақсады да, 20 жылдан кейін әлем тағы да соғысқа белшесінен батты. 

 

1945 жылы өздерін Біріккен ұлттар деп атаған, Гитлерге қарсы коалиция елдері дүниежүзілік ұйым қажет екенін толықтай ұқты. Осылай олар ұйым — Біріккен Ұлттар Ұйымын құрды. Оның ең басты мақсаты — соғыстың алдын алу, осы мақсатқа жету үшін басқа халықаралық ұйымдар дереу құрыла бастады. Мысалы, 1946 жылы БҰҰ енді ғана аяқталған соғыстан зардап шеккен балаларға көмек көрсету қорын құрды. Осыдан ЮНИСЕФ пайда болды. 

 

Босқындар істері бойынша жоғарғы комиссариат та мемлекеттердің соғыстан кейінгі әлемнің миллиондаған босқынына көмектесу идеясынан пайда болды. Қазір мұндай ұйымдардың 20 шақтысы бар: ДДСҰ, Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы, Білім, ғылым және мәдениет істері жөніндегі ұйым (ЮНЕСКО) және тағысын-тағы. Халықаралық ұйымдар қазір жүзден асады. 

 

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СЕРІКТЕСТІКТЕР ХАЛЫҚ ӨМІРІНЕ ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТЕДІ? 

 

Иә, мемлекетаралық ұйымдардың азаматтарға ешқандай қатысы жоқ секілді болып көрінеді. Бірақ олай емес, мұндай ұйымдар өміріміздің барлық саласына тікелей әсер етеді. 

 

— Сіз интернетке кіре аласыз, себебі халықаралық ұйымдарда елдер оның техникалық стандарттарын келісіп алды. Ұшаққа билет алып, ұшасыз, себебі халықаралық ұйымдар әуедегі бағыттарды, әуежайлардың кодтары мен авиация терминдерін өзара келісіп алды. Тіпті көлік немесе автобус спидометрі көрсететін километр немесе таразы көрсететін килограмм стандартын да Халықаралық өлшем мен салмақ бюросы бекітті, — дейді Рүстем Қыпшақпаев. 

 

Сондай-ақ, оның сөзінше, халықаралық ұйым дүниежүзілік үкімет емес, тек мемлекеттердің бір сала аясында жиналатын форум:  

 

— БҰҰ — бұл дүниежүзін басқаратын әкімдік емес. ДДСҰ әр науқасқа жауап беретін дүниежүзілік аурухана емес. Тек мемлекеттердің адамдарды қалай емдеуі керегін талқылау, тәжірибие алмасу, бір-біріне көмектесу үшін жиналатын бір алаңы.  

 

МЕМЛЕКЕТ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КЕЛІСІМ ШАРТЫН БҰЗСА, НЕ БОЛАДЫ? 

 

Мемлекеттер халықаралық құжатта жазылған ережеге бағынбай жатады.Сол үшін қандай да бір жауапқа тартыла ма? 

 

— Егер мемлекеттер Халықаралық азаматтық авиация ұйымының шартын орындамаса, олардың ұшақтары ешқайда ұшпайды, ал ДДСҰ-ның ережесін бұзса, арты ерте ме, кеш пе, мысалы, бір қауіпті вирустың таралуына себеп болуы мүмкін. Қалған ұйымдардың шарттарын бұзса, «жазасы» әлдеқайда жеңіл болады: айыптайтын резолюция (қарар) алады, дауыс беру құқығынан айырылады, уақытша не толықтай мүшеліктен шығарылады.  

 

Сондай-ақ «жаза» қатарына халықаралық санкциялар мен қарулы күш қолдану да кіреді. Мұндай жаза түрін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі тек кейбір жағдайда қолдана алады. Мысалы, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті орнату не сақтау үшін (БҰҰ Жарғысының 41 және 42-бабы). Іс жүзінде бұл кейбір жағдай дегеніміз адам құқықтарын жаппай бұзу.   

 

Халықаралық ұйымдар бұл мемлекеттер мәжбүрлі түрде емес, өз еркімен мүше болатын джентльмендер клубы, дейді Қыпшақбаев. 

 


 

Иллюстрация: Анар Бакенова

Поделиться

Нет комментариев.

26/07/2020 13:13
53918 0

Уведомление